Діндер съезіне әлемнің 45 елінен 70-тен астам делегацияның келуі күтілуде

Ағымдағы жылдың мамырында астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті саммитіне әлемнің 45 елінен 70-тен астам делегация келетіні күтіледі. Бүгін ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қатысуымен өткен Дін істері агенттігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде агенттік төрағасы Қайрат Лама Шариф осылай мәлім етті.  «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі - қазіргі замандағы аса ауқымды әлемдік қоғамдық-саяси форумдардың бірі болып табылады. 2003 жылы ҚР Президенті Н. Назарбаевтың бастамасымен өткізілген бұл іс-шара қазіргі таңда әлемдік қоғамдастық мүшелері тарапынан кеңінен қолдау тапты. Халықаралық саясатта кеңінен танылған бұл саммит қазіргі заманның өзекті мәселелерін шешуге өз үлесін қосып келеді», - дейді Қ. Лама Шариф. Төрағаның айтуынша, съездің кезекті басқосуы 30-31 мамырда Астана қаласында өтіп, оның тақырыбы «Адамзат таңдауы - бейбітшілік пен келісім» ретінде белгіленіп отыр. «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының саммитіне әлемнің 45 елінен 70-тен астам делегация келеді деп күтіледі», - деді ол.