2009 – 2011 жылдарға арналған «Еуропаға жол» МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ
2009 – 2011 жылдарға арналған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 6 ақпандағы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру - мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес әзірленді.
Бағдарламаны қабылдау қажеттілігі елдің ішкі дамуының өзекті міндеттерін шешудің, еуропалық бағыттағы ұлттық басымдықтарды әзірлеудің, тарихи қалыптасқан байланыстарды нығайтудың, еуропалық интеграция және институционалдық-құқықтық реформалар тәжірибесіне сүйенудің, технологиялық, энергетикалық, көлік, сауда, гуманитарлық және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетудің маңыздылығынан туындады.
Қазақстан Республикасының Сыртқы саясаты тұжырымдамасына сәйкес Еуропа елдерімен жан-жақты ынтымақтастықты дамыту Қазақстанның стратегиялық мүддесін білдіреді.
Қазіргі уақытта Еуропа елдерімен екіжақты қарым-қатынастардағы технологиялық, энергетикалық, сауда және көліктік ынтымақтастық әлеуеті толық іске асырылмауда.
Еуропалық Одақ елдері тұтас алғанда Орталық Азия мемлекеттерімен, атап айтқанда, Қазақстанмен ынтымақтастыққа да айрықша назар аударатынын ескеру қажет. Олардың ортақ ұстанымы 2007 жылғы маусымда Еуроодақтың саммитінде қабылданған «ЕО және Орталық Азия: әріптестіктің жаңа стратегиясы» атты құжатта көрсетілген. Еуропалық Одақтың ішкі құжаты болып табылатын Стратегия ЕО-ның Орталық Азиямен және Қазақстанмен өзара іс-қимылының маңызды бағыттарын қамтиды.
Еуропаның бірқатар елдерінің ЕО-ның еуропалық құрылымдарына интеграциялануға ұмтылысы немесе олардың еуропалық көршілік саясат шеңберінде ЕО-мен өзара іс-қимылы оларға елдерге әлеуметтік-экономикалық және саяси дамудың әртүрлі салаларында белгілі бір жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді.
Бағдарлама аталған елдердің ЕО мемлекеттерімен және еуропалық құрылымдармен ынтымақтастығын дамытудың оң тәжірибесін ескере отырып әзірленген.
Бағдарламаны іске асыру Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының негізгі принципі – тепе-теңдік және прагматизм қағидатын дамытуға жәрдемдеседі.
Бағдарламаның мақсаттары мен міндеттері
Бағдарламаның мақсаты Қазақстан Республикасының Еуропаның жетекші елдерімен стратегиялық серіктестік деңгейіне шығуы болып табылады.
Бағдарламаның аталған мақсатына қол жеткізу үшін мынадай міндеттерді шешу көзделеді:
1) Қазақстан Республикасының Еуропа мемлекеттерімен мынадай бағыттар бойынша:
- технологиялық;
- энергетикалық;
- көлік саласында;
- техникалық реттеу және метрология саласы;
- сауда-экономикалық;
- шағын және орта бизнесті дамытуда;
- өмір сүру сапасы саласында;
- гуманитарлық өлшем тұрғысындағы ынтымақтастықты дамыту және тереңдету.
2) оң сипаттағы еуропалық тәжірибені пайдалана отырып, қазақстандық институционалдық-құқықтық базаны жетілдіру;
3) Қазақстан Республикасының 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі үшін жағдай жасау.
Бағдарламаны іске асырудың негізгі бағыттары мен тетіктері
1. Еуропа мемлекеттерімен ынтымақтастық
1.1. Технологиялық ынтымақтастықты жолға қою үшін жағдай жасау
Еуропа елдерімен технологиялық ынтымақтастықты жандандыру жаңа технологияларды тарту мақсатын көздейді. Еуропалық серіктестермен өзара ықпалдасу, оның ішінде нанотехнологиялар мен биотехнологиялар саласында ықпалдасу Қазақстанда құрылып жатқан және іске қосылған технопарктерге серпін береді.
Еуропа елдерінің мамандарын шақыра отырып, технопарктердің аумағында инновациялық менеджмент саласындағы мамандарды даярлау және инженер кадрларды қайта даярлау жөнінде бірқатар оқу іс-шараларын өткізу көзделуде.
Қазақстанда бар көлік коммуникацияларын реформалау және жаңаларын құру жөнінде прогрессивті еуропалық технологияларды пайдалануда ынтымақтастықты дамыту көзделеді.
Еуропада пайдаланылып жүрген аграрлық технологиялар ұлттық ауыл шаруашылығын елеулі түрде дамытуға қызмет етеді. Еуропалық стандарттарға және өнімдерді сертификаттауға бірте-бірте көшу бөлек міндет болып табылады, бұл өз кезегінде қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің Еуропа елдерінің нарықтарына шығуына жол ашады.
Ғылым, жаңа технологиялар және инновациялық әзірлемелер, оның ішінде технологиялардың қазақстандық трансферт жүйесі мен технологиялардың еуропалық трансферт жүйесінің мүмкіндіктерін тарта отырып, технологиялардың трансфертін ұйымдастыру саласында өзара ақпараттық алмасуды дамыту маңызды бағыт болып табылады.
2. Энергетикалық ынтымақтастықты дамыту
Қазақстанның Еуропа нарығында орнығуы және ұзақ мерзімді сипатта қатысуы мақсатында қазақстандық тараптың Еуропа елдерінде порттар, терминалдар, мұнай өңдеу зауыттары, автомай құю станциялары және басқа инфрақұрылымдық объектілерді сатып алуы жөнінде жұмысты жалғастыру көзделген.
Еуропа елдерімен ынтымақтастықтың тағы бір бағыты энергия үнемдеу стратегиясы, осы салада инвестицияларды қолдау және қорғау, энергетикалық көлік инфрақұрылымына қолжетімділік құқығы, жүйелік операторлардың табиғи монополиялардан тәуелсіздігі, салалық реттеу, тарифтік саясатын реформалау сияқты энергетика саласындағы бірқатар негізгі нарықтық принциптерді одан әрі өрістетуде еуропалық тәжірибені пайдалану болып табылады.
ЕО-ның жаңа энергетикалық стратегиясының негізгі бағыттарының бірі ғаламдық жылыну мәселесі болып табылады. ЕО қалпына келтірілетін энергия саласындағы технологиялар бойынша әлемдік көшбасшы саналатынын, Қазақстанда осы энергия түрінің елеулі әлеуеті бар екенін ескере отырып, энергия үнемдейтін және экологиялық таза технологияларды енгізу мен дамыту мәселелері бойынша ЕО елдерінде таныстыру және оқу-үйрену семинарларын ұйымдастыру, халықаралық конференциялар мен көрмелерге қатысу арқылы тәжірибе алмасу көзделген.
3. Көлік саласында ынтымақтастықты дамыту
Ұлттық заңнама базасын үйлестіру, жолаушылардың, жүктің және көлік құралдарының еркін қозғалысы үшін көлік қызметін көрсетуді қамтамасыз ететін жағдай жасау, көліктің барлық түрлерінде пайдалану және басқа да қауіпсіздікті арттыру арқылы еуразиялық континентаралық көлік дәліздерін одан әрі дамыту көзделген.
Бағдарлама тиісті меморандумдарға қол қоя отырып, ұлттық ұсыныстарды бекітіп, ұлттық көлік желілерінің панъеуропалық көлік желілеріне түйісуі жөніндегі келіссөздер процесін жалғастыруды; еуропалық стандарттарды ұлттық авиация саласына енгізудің бағдарламасы бойынша практикалық тағылымдамаларға қатысуды; теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша порттар инспекцияларымен тәжірибе алмасуды; автокөлік құралдары иелерінің азаматтық жауапкершілігін сақтандырудың халықаралық жүйесін үйлестіру мәселелері бойынша Еуропа елдерінің көлік министрліктерінің және халықаралық ұйымдардың сарапшыларымен келіссөздерге қатысуды; автокөлік құралдарының экологиялық тиімділігін арттыру тәжірибесін зерделеуді; алған тәжірибені өзінің бағдарламалық құжаттарында іс жүзінде пайдалану мақсатында көлік саласының проблемалық мәселелерінің кең ауқымын еуропалық елдермен талқылауға Қазақстанның тең дәрежеде қатысуын көздейтін бастамаларды нығайтуға жәрдем көрсетуге бағытталған.
4. Техникалық реттеу және метрология саласындағы ынтымақтастықты дамыту
Тарифтік емес реттеу құралдары болып табылатын техникалық реттеу мен метрологияның мақсаты және миссиясы – өнім қауіпсіздігінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету, оның бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру, сауда-саттықтағы техникалық кедергілерді жою, бизнеске әкімшілік қысым көрсетуді азайту және өлшемдердің бұрыс нәтижелерінің салдарынан республика азаматтары мен экономикасының мүдделерін қорғау болып табылады.
Көлік коммуникациясы, агроөнеркәсіп кешені, энергетика, экологияны
қорғау мен денсаулық сақтау саласында, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту мәселелерінде прогрессивті еуропалық технологияларды пайдаланудағы ынтымақтастықты дамыту көзделіп отыр.
Жаңа технологияларды іс жүзінде енгізу – Еуропалық Одақ елдерінің талаптарына сәйкес келетін техникалық заңнаманың, стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттардың, өлшем құралдарының, сынақ, өлшем зертханалары жүйесінің тиісті базасын құрумен қатар жүруге тиіс.
5. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету
Соңғы жылдары Қазақстан және Еуропа елдері арасындағы сауда айналымы қарқынының ұлғаю үрдісі байқалады, алайда экспорт құрылымында дәстүрлі түрде шикізаттық тауарлар басым түсіп жатады. Бұл орайда қазақстандық экспорттың құрылымын әртараптандыруға арналған күш-жігерді шоғырландыру қажет.
Қазақстан мен Еуропа елдерінің арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды тереңдету мақсатында Қазақстанның Еуропадағы сауда өкілдігін және бірқатар Еуропа елдерінде оның бөлімшелерін ашу көзделіп отыр.
Өкілдіктің негізгі міндеттері мыналар болып табылады: Еуропа нарығында Қазақстанның экономикалық мүдделерін іске асыруға қатысты Еуропа елдерінің экономикалық саясатының ықпалына талдау жүргізу; отандық өнімдерді еуропалық нарықта ілгерілету үшін қазақстандық кәсіпкерлерге ақпарат беру мақсатында Еуропа елдерінің сауда-саттық заңнамасын және сыртқы сауда қызметінің талаптарын зерделеу; Еуропа елдеріне арналған қазақстандық экспорттың құрылымын әртараптандыру, оның ішінде сауда артықшылықтарының еуропалық жүйесін пайдалану (GSP+).
Бұдан басқа, екіжақты келіссөздер жүргізу арқылы қазақстандық тауарларды сыртқы нарықтарда экспорттық ілгерілету үшін және Еуропа елдерінің нарықтарында қазақстандық тауар өндірушілерінің экономикалық мүдделерін қорғау үшін жағдай жасау, Еуропа елдеріндегі жыл сайынғы халықаралық көрмелерге Қазақстан Республикасының қатысуы қазақстандық өнімдердің экспорттық ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді.
6. Шағын және орта бизнесті дамытудағы ынтымақтастық
Бағдарлама ынтымақтастықты нығайтуға әрі шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты одан әрі қалыптастыруға, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік реттеуді оңтайландыруға, салық салу жүйесін жетілдіруге, банк кредиттеріне және қаржыландырудың басқа да көздеріне еркін қол жеткізуді қамтамасыз етуге, кадрлар даярлаудың ортақ жүйесін құруға, шағын және орта бизнес субъектілері қызметін регламенттеу мәселелерінде қазақстандық заңнаманы жетілдіруге және Еуропа елдерінің заңнамаларымен үйлестіруге бағытталған.
Аталған саладағы мақсаттарға қол жеткізу: кәсіпкерлікті, салық салуды, оның ішінде шағын және орта бизнеске қатысты мемлекеттік қолдау саласында тәжірибе алмасуды қоса алғанда, іс жүзіндегі шаралар мен жобаларды іске асыру; кәсіпкерліктің инфрақұрылымын дамытуға жәрдем көрсету; бірлескен бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу және іске асыру; бірлескен консультацияларды, семинарларды, конференцияларды, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту үшін жағдай жасау жөнінде ұсынымдар мен ұсыныстарды әзірлеу жөнінде зерттеулерді ұйымдастыру жолымен жүзеге асырылады.
Кәсіпкерлікті дамыту саласында тәжірибе алмасу жөнінде Еуропа елдерімен ынтымақтастық Қазақстанда бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайларды қалыптастыруға мүмкіндік береді, атап айтқанда, Қазақстанның және Еуропа елдерінің заңнамаларын үйлестіру, Қазақстан экономикасына инвестициялардың ағыны мен шағын және орта бизнес субъектілерінің кәсіби тұрғыдан өсуін қамтамасыз ету арқылы қазақстандық компаниялардың еуропалық нарыққа шығуын жеңілдетуге болады.
7. Өмір сүру сапасы саласында ынтымақтастықты кеңейту
Өмір сүру сапасы деп мемлекеттің экономикалық дамуының, оның ішінде қоршаған ортаны қорғау, денсаулық сақтау, білім беру және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы әлеуметтік нәтижелерді көрсететін негізгі көрсеткіштердің жиынтығы түсіндіріледі.
Ұлттық экологиялық заңнаманы Еуропа елдерінің стандарттарымен үйлестіруді, трансшекаралық проблемаларды шешу саласында бірлескен бағдарламаларды әзірлеуді, биологиялық саналуандықты сақтауды, қоршаған ортаны тарихи лас-қоқыстан тазартуды қоса алғанда, халықтың өмір сүру сапасын арттыру және қоршаған ортаның жай-күйін жақсарту мәселелерінде Қазақстанның Еуропа елдерімен ынтымақтастығын тереңдету көзделіп отыр.
8. Гуманитарлық өлшем тұрғысындағы ынтымақтастықты кеңейту
Қазақстан мен Еуропа елдерінің азаматтық қоғам институттары арасындағы әріптестік қарым-қатынасты дамыту көзделуде, мұның өзі азаматтық қоғамның ұлттық институттарының халықаралық қоғамдастыққа кірігуіне, ұлттық мүдделер тұрғысында әлеуметтік, мәдени, білім беру, ақпараттық-ағартушылық және басқа да жобаларды іске асыруға, әлеуметтік әріптестік институтын дамытуға жәрдемдесетін болады.
Этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету саласында тәжірибе алмасу Еуропа елдерімен ынтымақтастықтың бөлек бір бағыты болып табылады, мұның өзі этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз етудің тиімді тетіктерін құруда қазақстандық оң тәжірибені насихаттауға, дінге төзімді және толерантты еуразиялық қоғамдастықтың қалыптасуына үлес қосуға мүмкіндік береді.
Еуропалық дәстүрлер тәжірибесін пайдалана отырып, Қазақстанда теңдестірілген гендерлік саясатты дамыту үшін одан әрі жағдайлар жасау көзделуде.
9. Оң сипаттағы еуропалық тәжірибені пайдалана отырып, қазақстандық институционалдық-құқықтық базаны жетілдіру
Соңғы жылдары Қазақстанда ұлттық заңнаманы жетілдіру жөнінде үлкен жұмыс жүргізілуде, оның маңызды кезеңі 2007 жылғы мамырда Конституцияға өзгерістер енгізу болды.
Қазіргі уақытта осы жұмыс мүдделі министрліктер мен ведомстволардың күш-жігеріімен жалғасуда, бұл орайда олардың арасында түрлі деңгейлерде белсенді өзара іс-қимыл жүзеге асырылуда. Отандық және халықаралық сарапшы жұртшылықтың елеулі әлеуеті пайдаланылуда.
Жүргізіліп жатқан жұмыстың басты мақсаты саяси және мемлекеттік құрылыстың қазақстандық үлгісін жетілдіру, мемлекеттік қызметті және кадр ресурстарын басқарудың тиімді жүйелерін зерделеу, елдің саяси өмірін ырықтандыру және Қазақстанды әлемге ортақ озық дәстүрлерге тарту болып табылады. Атап айтқанда, бұл сайлау, саяси партиялар, бұқаралық ақпарат құралдары (диффамация мәселелерін қоса алғанда), мемлекеттік қызметті, сот жүйесін реформалау туралы заңнаманы жетілдіруге және қоғамдық өзара қарым-қатынастың басқа да салаларына қатысты.
Мемлекеттік қызметшілердің Еуропаның жетекші елдерінің мемлекеттік органдарында тағылымдамадан өтуі, мемлекеттік басқару органдары, сот төрелігі және қылмыстық іздестіру органдары арасында тәжірибе алмасу, сондай-ақ қылмыстық істерді тергеу және сотта қарау бөлігінде, азаматтық сот ісін жүргізу және сот актілерін орындау заңнаманы жетілдіру көзделуде.






