Астанадағы ЕҚЫҰ саммиті

203884621 

Қазақстан 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) төрағасы болды. Төрағалықтың басты нәтижелі түйіні – ЕҚЫҰ-ның онжылдық үзілістен кейінгі 2010 жылғы 1-2 желтоқсанда өткен Астана Саммиті. Оған дейінгі жоғары деңгейдегі басқосу 1999 жылы  Ыстамбұлда өткен болатын.

Қазақстан бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдер арасынан ұйымға төрағалық еткен бірінші мемлекет болды. Бұл тарихи шешім мүше мемлекеттердің тең құқықтылығы қағидатының өз пәрменділігін сақтағанын көрсетті, сонымен қатар республикамыздың стратегиялық маңызды өңірдегі және бүкіл ЕҚЫҰ кеңістігіндегі барған сайын артып келе жатқан рөлінің мойындалғаны болды.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығының ұраны латынның төрт «T» әрпі болды: сенім (trust), дәстүр (tradition), транспаренттілік (transparency) және төзімділік (tolerance). Сенім – халықаралық қатынастарда барлық елдер үшін қажет басты ресурс,  соншалық мәнді тарихи өзгерістер кезінде ол өзінен өзі түсінілетін нәрсе бола алмайды. Дәстүр Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның іргелі қағидаттары мен құндылықтарына адалдығын айшықтайды. Транспаренттілік мейлінше ашықтықты, «қосарланған стандарттың» және «жіктеу шектерінің» жоқтығын, сонымен қатар қауіпсіздік саласында басты назарды сындарлы ынтымақтастыққа бағыттауды аңдатады. Төзімділік – бұл мәдениеттер және өркениеттер арасындағы диалогтың  барған сайын артып отырған маңызын сезіну.

Астана Саммиті ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының алдын ала байқалған дағдарыс нышандарын еңсеруде және оларды Ұйымға қатысушы елдер арасынан аластау бағытындағы саяси жігерінің айқын көрінісі болды. Оған қоса, Саммиттің Еуразия жүрегінде, Еуропаның жағырапиялық шекараларынан мыңдаған шақырым жерде өтуі еуропалық қауіпсіздіктің өзгерген қазіргі заманғы парадигмасының көрінісі іспетті. Қазақстан астанасындағы басқосу Ұйым кеңістігін жайлаған халықтардың қауіпсіз болашағына қарай бірге басқан қадамның жалғасына айналды. Еуро-атлантикалық және Еуразиялық кеңістіктердегі тұрақты қауіпсіздік мәселелері, Ауғаныстан түйткілі, «тоңы жібімей келе жатқан» қақтығыстарды шешу жайы Саммиттің негізгі тақырыптары ретінде талқыланды.

Қазақстан Президенті қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың анағұрлым кең координаттардағы – «мұхиттан мұхитқа дейінгі» жаңа деңгейіне көшу туралы мәлім етті. Атап айтқанда, әңгіме қауіпсіздіктің төрт мұхит шекарасындағы – Атлант мұхитынан Тынық мұхитқа және Солтүстік Мұзды мұхитынан Үнді мұхитына дейінгі біртұтас кеңістіктігін қалыптастыру жөнінде өрбіді. Осылайша, Астанадағы ЕҚЫҰ саммиті біртұтас және бөлінбес қауіпсіздіктің Еуро-атлантикалық және Еуразиялық қоғамдастығы құрылуына бастау жасап берді.

Саммитке ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер мен ынтымақтастық жөніндегі серіктестерден 38 мемлекет және үкімет басшысы, бір вице-президент, жеті үкімет төрағасы орынбасары, он төрт министр және өзге де жоғары лауазымды шенеуніктер, сонымен қатар  басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында ЕҚЫҰ Бас Хатшысы Марк Перрен де Бришамбо, БҰҰ Бас Хатшысы Пан Ги Мун, Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев, АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон, Германия Федеральдық Канцлері Ангела Меркель, Италия Премьер-министрі Cильвио Берлускони, өзге де халықаралық ұйымдар мен мемлекеттер көшбасшылары бар.

Кездесу соңында аса жоғары деңгейде Астанадекларациясы қабылданды. Онда Саммитке қатысушылар ЕҚЫҰ-ның Хельсинки актісінде және Жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясында, Ұйымның өзге де құжаттарында бекітілген міндеттемелерін, қағидаттары мен құндылықтарын қуаттады. Сонымен қатар, қатысушы елдер өкілдері ЕҚЫҰ-ның барлық үш өлшемі бойынша жұмысты жалғастыруға,  жауапкершілігі аймағында орын алып отырған қақтығыстарды реттеуде күш-жігерді артыруға, адам  құқықтарын қорғауға, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, жаңа қатерлерге қарсы лайықты жауап қату мүддесі жолында Ұйым жұмысын жаңаша жолға қоюға міндеттенді. Саммиттің басты қорытындысы жаңа тарихи шарттар жағдайында «Хельсинки рухын» жаңғырту болды.  Оған қоса, жоғары деңгейдегі басқосу ЕҚЫҰ беделін және оның әлемдегі қажеттілігін арттыруға, мүше мемлекеттер арасындағы сенім мен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етті.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана рухы» айрықша белгісіне айналған екікүндік Саммитті «бүкіл ЕҚЫҰ қоғамдастығы үшін тарихи оқиға» ретінде сипаттап берді.

Астанадағы Саммит делегациялар басшылары тарапынан жоғары бағаға ие болды. Сөйтіп, Ұйымның Бас Хатшысы Марк Перрен де Бришамбо Қазақстан елордасында қабылданған шешімдердің Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістіктегі барлық негізгі ойыншылардың – мемлекеттер мен ұйымдардың күш-жігерін қауіпсіздікті нығайтудың және ортақ қауіп-қатерлерге қарсы тұрудың біртұтас стратегиясын жасаудың басты міндетін шешуде жұмылдыруға ықпал ететінін атап өтті. ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммиті «еуропалық ортақ үй» салуға қайтадан кірісуге нақты мүмкіндік берді.  БҰҰ Бас Хатшысы Пан Ги Мун ЕҚЫҰ-дағы Қазақстан төрағалығының мейлінше табысты болғанын атады. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон ЕҚЫҰ Саммиті Қазақстанның халықаралық қоғамдастықта үлкен рөл атқаратынының дәлелі екенін атап айтты.

ЕҚЫҰ – әлемде қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын ірі аймақтық ұйым. Ол Еуропада, Орталық Азияда және Солтүстік Америкада орналасқан 56 елдің басын біріктіреді.

ЕЫҚҰ-ның ресми сайты.

ЕЫҚҰ-ның Астанадағы Саммитінің ресми сайты.