Димаштың «Singer-2017» байқауындағы жетістігіне Қытай Үкіметінің қатысы жоқ - ҚХР елшісі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің Қытайдағы «Singer-2017» атты танымал бағдарламаға қатысуы мен Қытай үкіметінің арасында ешқандай байланыс жоқ. Бұл туралы бүгін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Ханьхуэй айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жуырда мен Димашпен кездестім. Ол - өте сымбатты жігіт, Қазақстанның мақтанышы. Әрине, ол үлкен жетістікке жетті, Қытайда көптеген жанкүйерлері бар. Ол өз еркімен қатысты, үкіметтің бұған еш қатысы жоқ», - деп атап өтті елші.

Елшінің сөзіне қарағанда, қазақстандық әншінің жетістігі Қазақстан мен Қытай халқының мәдениетін бұрынғыдан да жақындата түсуге септігін тигізді.

«Бұл мемлекеттік бағдарлама емес, біз оған Қазақстаннан кім қатыса алатынын таңдай алмаймыз және көмектесе алмаймыз. Осының алдында желіде біреудің Димаш Қытайда үлкен жетістікке жетуіне Қытай Үкіметі көмектесті, бұл Қытайдың Қазақстанға қарсы мәдени агрессиясы деп жазғанын байқап қалдым. Бұл қандай логика? Кейде осындайды оқып қаламын. Бірақ мұны қалай түсіндіруге болатынын біле алмай-ақ қойдым», - деді Чжан Ханьхуэй.

Бұдан тыс, Чжан Ханьхуэй тағы БАҚ өкілдерінің екі ел қатынасы туралы бірқатар сұрақтарына жауап берді.

«Жуырда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың Бейжің қаласында өткен «Бір белдеу - бір жол» форумына қатысты. Қытай үшін Назарбаевтың бұл форумға қатысуы үлкен маңызға ие. Аталмыш форум аясында Қазақстан Президенті ҚХР төрағасы Си Цзиньпин және ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен кездесті», - деп атап өтті Чжан Ханьхуэй.

Чжан Ханьхуэй мырзаның айтуынша, Қытай екі елдің «Жібек жолы» және «Нұрлы жол» бағдарламалары аясындағы ынтымақтастығын жоғары бағалайды. Қазақстан - Қытай үшін тек экономика саласында ғана емес, сонымен қатар саяси саладағы маңызды серіктесі.

Елшінің айтуынша, 7-9 маусым аралығында, яғни ЭКСПО көрмесі аясында, Астанада Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы саммиті өтеді. Самитті өткізуге қатысты дайындық жұмыстары қазір ойдағыдай жүргізіліп жатыр.

Айта кетерлігі, кездесуге бірқатар қазақстандық БАҚ өкілдері және Қытайдың ақпарат агенттігі,  Синьхуа агенттігінің журналистері қатысты.