Астана процесі сириялық бейбіт архитектураның бөлшегіне айналды - Стаффан де Мистура

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан делегациясы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Сирия жанжалын бейбіт реттеуге арналған кезекті отырысына қатысты. 

Отырыс барысында Бас хатшының Сирия жөніндегі арнаулы елшісі Стаффан де Мистураның брифингі тыңдалды. Бұл жайында ҚР СІМ баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Отырысқа қатысушылар 3-4 мамыр күндері Астанада өткен сирияаралық келіссөздерге  қолдау білдіріп, Астана процесінің бірлескен саяси негіздеме іздеуге арналған Женева тұғырнамасының табысты болуына айтарлықтай үлес қосқандығын атап өтті.  Олардың ортақ пайымынша, Астанадағы келіссөздер соғысты тоқтату режімін нығайтып, кеңейтуге, күрделі гуманитарлық жағдайды шешу жолдарын іздеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Қазақстандық делегация таяудағы Женева келіссөздеріне сириялық жанжалға қатысушы барлық тараптың қатысуын құптады. 

Қазақстан Сирия Араб Республикасындағы соғысты тоқтату режімін нығайту мақсатында Ресей Федерациясы, Түркия Республикасы және Иран Ислам Республикасы қабылдаған шараларға жоғары баға берді.

Астана процесіне қатысушы кепілгер елдердің жергілікті жердегі жағдайды терең білетіндігі, барынша күрделі әрі нәзік жағдайда тайталасушы тараптарды бір үстел басына отырғыза алғандығы аталып өтілді.

Қазақстан делегациясы Америка Құрама Штаттары мен Иордания Хашимиттік Корольдігі байқаушыларының ағымдағы жылдың 3-4 мамырда Астанада өткен сирияаралық келіссөздерге қатысқаны үшін ризашылық білдірді.

Қауіпсіздік кеңесі мүшелерінің басым бөлігі, оның ішінде Қазақстан 2017 жылдың 4 мамырында Астанада қол қойылған Сирияда деэскалация аймағын құру туралы меморандумның қабылдануына қолдау білдірді. Қауіпсіздік кеңесінің бірқатар мүшесі деэскалация аймағының құрылуы қазірдің өзінде жанжалдасушы тараптардың соғыс іс-қимылдарының азаюына себеп болғанын атап өтті.

Арнаулы елші Стаффан де Мистура Сирияда жалпықамтымды бейбітшілікке қол жеткізудегі Астана процесінің рөлін атап өте келе, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және осы жылдың 3-4 мамырында Астанадағы келссөздерді жоғары деңгейде ұйымдастырған еліміздің Үкіметіне айрықша алғысын білдірді. Ол Астана процесі өте күрделі жағдайда тұрғызылып жатқан сириялық бейбіт сәулеттің негізгі бөлігіне айналғандығын баса айтты. Ресей Федерациясының делегациясы да Сирия жерінде бейбітшілік пен тыныштықтың орнауы үшін күш-жігер жұмсап келе жатқан Қазақстанның Мемлекет басшысы мен халқына шынайы ризашылықтарын білдірді.