KazInform сайтына ең көп сілтеме жасалды - министр Абаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қоғамдық кеңес мүшелері алдында есеп берді. Оның айтуынша, бір жыл ішінде атқарылған жұмыстар аз емес. Алда тұрған жоспарлар да жетерлік, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Біз мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың ақпараттық жұмысына қатысты нақты талаптарды енгіздік. Баршаға ортақ медиажоспар қабылданды. Онда әрбір мемлекеттік органның шаралары көрсетілген. Бұдан бөлек, ақпарат саласындағы мемлекеттік тапсырыстың бірыңғай ережелері бекітілді. Негізгі мақсат - ол тапсырыстың ашықтығын қамтамасыз ету", - дейді министр.

Бұдан бөлек, отандық киноға арналған "Ел арна" іске қосылды. Kazakh TV мен "Білім және мәдениет" арналары біріктірілді. Соның арқасында біраз ақша үнемделді. Есесіне контенттің сапасы жоғарлады. "Қазспорт", "Қазақстан" мен "Хабар" арналары HD форматқа ауысты. "24KZ" арнасына ребрендинг жасалды. "Жалпы айтқанда, "Қазақстан", "Хабар" мен "Хабар24" арналары бір-біріне бәсекелес болмай, өз көрермендерін табатындай жағдай жасадық. Осы уақытқа дейін алғаш рет "Тұмар" ұлттық телевизиялық сыйлығы табысталды. Енді Ақпарат пен байланыс қызметкерлері күніне орай, баспа, радио мен интернет журналистика саласындағы "Үркер" сыйлығы тапсырылады", - деп атап көрсетті Дәрен Әскербекұлы.

Министрдің сөзіне қарағанда, отандық сериалдардың сапасы да жақсарып келеді. Қазіргі кезде Қазақстанда түсірілген сериалдарды Ресей, Қытай мен Қырғызстанның арналары өз жерінде көрсетіп жатыр. "Сондай-ақ біз "Казаxстанская правда" мен "Егемен Қазақстан" газеттерінің дизайынын өзгерттік. Аталған басылымдардың сайттары жаңартылды. "Әдебиет порталы" пен National Digital History" сайтына ребрендинг жасалды. KazInform сайты өз жұмысын өзгертті. Өткен жылы аталған сайтқа ең көп сілтеме жасалды. Сондай-ақ  "Цифрлық Қазақстан - 2020" бағдарламасының осы жылға арналған барлық мақсат-міндеттері алдын ала орындалды. Халықтың компьютерлік сауаттылығы 76 пайыздан асты. Барлық үйлердің 84 пайыздан астамы интернетті пайдаланады. Бүгінде ақпараттық теxнологияларды пайдалану жағынан қала мен ауылдың арасында үлкен алшақтық бар. Қалада интернет жылдам істейді. Соның арқасында электронды портал арқылы мемлекеттік қызметтерді оңай алуға болады. Ауылда олай емес. Сондықтан біз қала мен ауылдың осы бір алшақтығын азайту мақсатында арнайы жобаны ұсынып отырмыз. Аталған бастама жүзеге асса, үш жылдың ішінде 1 900 елді мекенде жылдам әрі сапалы интернет болады. Осылайша, 4 миллион адам кең жолақты интернетті қолдана бастайды", - деді Д. Абаев.

Айта кеткен жөн, БҰҰ мен Дүниежүзілік экономикалық форумның соңғы мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан электронды үкіметті дамыту жағынан 33-ші орынға көтерілді. Ал желілік инфрақұрылым бойынша біз 39-ші орында тұрмыз. Бұл - ТМД елдері ішінде ең үздік көрсеткіш.

Қоғамдық кеңестің бүгінгі отырысында министрліктің жұмысы жоғары бағаланды. Бұдан бөлек, кеңестің құрамына жаңа мүшелер қабылданды.