Ғарышкерлер туралы тағы бір фильм жарыққа шықпақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жақында ғана көрермендерге жол тартқан ғарыштағы өмір тарихын бейнелейтін «Алғашқылар дәуірі» фильмін осы тақырыпта түсіріліп жатқан тағы да бір телетуынды толықтырмақ, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ресей ғарыш мекемесінің баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, 2017 жылдың күзінде кеңес ғарышкерлерлеріне, оның ішінде Кеңес Одағының екі мәрте батыры, ғарышкер-ұшқыш  Владимир Жанибековтың ерліктеріне арналған «Салют-7» көркем фильмі жарыққа шықпақ.

Владимир Жанибеков 1942 жылы 13 мамырда Өзбекстанда дүниеге келген. Атақты ғарышкер 1978 жылдың қаңтарынан бастап 1985 жылдың қыркүйегіне дейінгі аралықта бес рет ғарышқа ұшып, жалпы ұзақтығы 145 күнді, 15 сағатты 58 минутты 29 секундты құрайтын ғарыш өмірін басынан өткізді. Екі рет ашық ғарышқа шықты.

«Владимир Жанибеков өзінің ғарышқа бесінші сапарын Виктор Савинпен бірге «Союз Т-13» әуе кемесінің командирі ретінде жасады. Осы сапарда Виктор Савин пен Владимир Жанибеков басқаратын әуе кемесі басқарылмайтын орбита стансасымен түйісіп қалады. Төтенше жағдайды жою үшін қос ғарышкер 1985 жылы 2 тамызда  ашық ғарышқа шығады. Олар онда 5 сағат үздіксіз жұмыс жасады. Осындай күрделі ғарыш сапарлары «Салют-7» фильмінің сюжетінде қамтылған»,- дейді баспасөз қызметі.

Владимир Жанибеков екі мәрте Кеңес Одағының батыры және көптеген мемлекеттік және халықаралық деңгейдегі марапаттардың иесі. Ғарышкердің құрметіне Өзбекстан астанасында қолада құйылған мүсін орнатылған.