Қазақстан ядролық отын жасаудың толық циклін қалыптастыруды жоспарлауда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан ядролық отын жасаудың толық циклін қалыптастыруды жоспарлауда. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Республикасы дамуының стратегиялық жоспарында энергетика саласындағы басты мақсаттардың бірі - 2020 жылға қарай ядролық отын циклімен вертикалды ықпалдасқан компания құру саналады. Қазақстан табиғи уранды өндіріп, сатып қана қоймай жоғары қосылған құны бар уран өнімдерін шығарып, сатуға да мүдделік танытады», - деді министр.

Бозымбаевтың атап өтуінше, атом өнеркәсібі бағытындағы басымдықтардың бірі ядролық отын жасаудың толық циклін қалыпастыру болып отыр. Бұл ретте қазақстандық ресурстық база барынша кеңінен қолданылатын болады.

«Таңдап алынған бағыттың басымдығы жоғары қосылған құны бар өнім жасау үшін технологияларды дамыту, экспорттық әлеуетті арттыру, жаһандық нарыққа кешенді өнім ұсыну мүмкіншілігі мен сатудың жаңа нарықтарын дамыту болмақ», - деді ол.

Айта кетейік, 2016 жылы уран өндірісінің көлемі 24 070 тоннаны құрап, 2009 жылмен салыстырғанда 76 пайызға өсім көрсетті.  

Ал 2017 жылдың қаңтарында республикада уран өндірісінің көлемін 10 пайызға яғни, 22 мың тоннаға дейін төмендету туралы шешімі қабылданды. Бұл әлемдік өндірістің 3  пайызын құрайды. Осы шешімнің нәтижесінде әлемдік нарықтағы уран бағасы  20 пайызға  қымбаттап отыр.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан барланған уран қоры бойынша әлемде екінші орында тұр.  Барланған әлемдік қордың шамамен 12 пайызы еліміздің жер қойнауында шоғырланған.