БҰҰ Астанадағы «ЭКСПО-2017» алаңында екі ірі шара өткізуді жоспарлап отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Болашақ энергиясы» тақырыбымен өтетін «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылуы барысында БҰҰ деңгейінде екі шара жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Астанада Орнықты даму мүддесіндегі энергетикалық халықаралық форумы және Энергетика мәселелері жөніндегі Министрліктер отырысы өткізілмек. Бұл туралы БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі Қайрат Омаров пен БҰҰ бес Өңірлік комиссия өкілдерінің БҰҰ дипломатиялық корпус өкілдеріне арналған брифингінде мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Энергетика ұлттық дамуға, жаһандық экономикалық өсімге септік тигізеді және 2015 жылдың қыркүйегіндегі БҰҰ Саммитінде әлемдік көшбасшылар бекіткен Орнықты Даму Мақсатының 17-сінің негізін  құрайды. Осыған байланысты жаңартылатын энергия өндірісін дамыту және тұтынуды арттыру міндеттері 2030 жылға қарай климат өзгеруінің орнықтылығына, экономикалық өсім мен кедейлік ауқымын қысқартуға көмегін тигізеді.

Қайрат Омаровтың атап өткеніндей,  Астанада өтетін энергетика мәселелері жөніндегі Халықаралық форум мен Министрліктер отырысы Қазақстанның БҰҰ Өңірлік бес комиссиясымен, Халықаралық энергетика агенттігімен, Дүниежүзілік банкпен, Өнеркәсіптік даму жөніндегі БҰҰ мекемелерімен, Энергия тиімділігі жөніндегі Копенгаген орталығымен, ХХІ ғасырдағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы саясат жөніндегі қауымдастықпен ынтымақтастық аясында ұйымдастырылады.

«Брифингте БҰҰ Өңірлік экономикалық комиссия өкілдері Африка (ЭКА), Латын Америкасы және Кариб бассейні (ЭКЛАК), Азия-Тынық мұхиты жағалауы елдері (ЭСКАТО), Батыс Азия (ЭСКЗА) және Еуропа (ЕЭК) елдеріне арнап сөз сөйледі. Онда Астанада өтетін Министрліктер отырысы туралы, соның ішінде конференцияның негізгі және тақырыптық мәселелері жөнінде жан-жақты баяндалды. Баспасөз мәслихатында сөз сөйлеушілер Орнықты Даму Мақсаттарын іске асырудағы үйлесімділікті нығайтудың сектораралық қадамын ынталандыруға шақырып, орнықты даму саласының күн тәртібінде жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндады. Бұл ретте Өңірлік комиссия әрбір нақты өңірлер үшін энергетика бағытындағы Орнықты даму мақсаттарына ерекше назар аудара отырып өздерінің есептерін жария ететін болады», - делінген баспасөз баянында. 

Айта кетерлігі, орнықты дамуға арналған Энергетика мәселелері жөніндегі сегізінші Халықаралық форум алғаш рет Министрліктер отырысымен біріктіріліп өткізіледі. Мұның өзі энергетика саласындағы саяси шешімдер қабылдайтын жауапты қызметкерлермен өзара үйлесімділікті арттыруға бағытталған Қазақстанның күш-жігерін нақты көрсетіп отыр. Министрліктер отырысына энергетика саласының министрлері, басқа да жауапты тұлғалар, сонымен бірге халықаралық ұйым өкілдері, халықаралық сарапшылар, іскерлік топтар, қаржы секторы мен азаматтық қоғам өкілдері қатысады. Онда қатысушылар 2030 жылға дейінгі Күн тәртібін жүзеге асыру үшін энергетикалық сектордың қосатын үлесі туралы пікір алмаспақ. 

Тоқтала кететін жайт, бұған дейін Қазақстан делегациясы «Алға қарай жедел қадам - бірлесе отырып» атты тақырыпта өткен Баршаға арналған орнықты энергетика (SE4All) жөніндегі Үшінші Форумға қатысқан болатын. Оған үкімет, іскерлік топтар, азаматтық қоғам мен халықаралық ұйым  өкілдері қатысып,  қоршаған ортаға әсері жоғары елдердегі энергия тиімділікті арттыру мүмкіндіктері талқыланған еді. Алқалы басқосуда шараға қатысушыларға «ЭКСПО-2017» көрмесі туралы ақпараттар таратылды.