Сарапшы: Референдум - Түркиядағы iшкi саяси процестердiң қорытындысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Конституцияға түзетулер енгiзу туралы референдум Түркияда соңғы жылдарда орын алған iшкi саяси процестердiң қорытындысы болып табылады. 

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қоры жанындағы Әлемдік саясат және экономика институтының сыртқы саясат бойынша сарапшысы Жұмабек Сарабеков осындай пікір білдіреді.

«Ең алдымен, референдумнан кейiн Түркия парламенттiк басқару үлгiсiнен президенттiк үлгіге көшеді. Нәтижесінде, мемлекеттiк басқару жүйесі толығымен өзгертілмек: президент өкілеттіктерінің ауқымы кеңейтіледі. Бұдан былай, мемлекет басшысы парламентті таратуға және заң күші бар жарлықтар шығару құқығына ие болады. Бұл ретте референдум нәтижелерi түрiк қоғамындағы маңызды идеологиялық өзгерiстерден хабар беруі мүмкін»,- дейді сарапшы.

Жұмабек Сарабековтың пайымдауынша, референдум нәтижелері қазіргі президент Эрдоған мен оның Әдiлеттiк және даму партиясының саяси позицияларының едәуір күшейгенін бiлдiредi. Конституция өзгергеннен соң, Түркия саяси өміріндегі әскерилердің ықпалы ары қарай төмендей береді. Оппозиция үшін де саяси бәселестік артып отыр.

«Сонымен бiрге, референдум түрік қоғамындағы жіктелу процестерін күшейтуі де ықтимал. Конституцияға өзгеріс енгізу туралы ұсынысты қолдағандар саны аз ғана басымдық көрсетті. Ал Анкара, Ыстанбұл және Измир сияқты iрi қалалар тұрғындарының көпшiлiгі түзетудi қолдамайды. Сондықтан Түркияның саяси билігі үшін қоғамдағы идеялық бірігу мәселесінің шешімін табу қажеттігі артып отыр.

Ал сыртқы саясатта референдум Анкара мен Еуропалық одақ арасындағы қайшылықтардың күшеюіне әкеп соқтыруы мүмкін. Себебі рефендумнан соң Түркия Еуроодаққа мүшелік ету туралы келіссөздерді тоқтатуға алып келетін қадамдарға баруы мүмкін».