Биыл 325 ұйым, ал 2018 жылы 61 ұйым сатуға шығарылатын болады - Сүлейменов

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылы 325 ұйым, ал 2018 жылы 61 ұйым сатуға шығарылатын болады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауда Үкіметке Кешенді жоспарға енген ұйымдарды жекешелендіруді 2018 жылдың соңына дейін аяқтау тапсырылды. Осыған байланысты Қаржы министрлігі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдингтермен бірлесіп жекешелендіру процесін жандандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде», - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, 2017 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша кестелер қайта бекітіліп, әрбір нысанды сату жөніндегі жол карталары әзірленген.

«Нәтижесінде 2017 жылы 325 ұйым, ал 2018 жылы 61 ұйым сатуға шығарылатын болады. 2019-2020 жылдары еліміздің «Эйр Астана» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Тау-Кен Самұрық» ҰК» АҚ, сияқты 8 ірі активін IPO/SPO-ға шығару жоспарлануда», - деді Сүлейменов.

Оның сөзіне қарағанда, экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияда ТОП-64-тің 22 активін, оның ішінде республикалық меншіктегі 8 компания мен «Самұрық Қазына» ҰӘҚ»  АҚ-ның 14 компаниясын, сондай-ақ қордың бәсекелес ортаға беруге жататын 215 активінің 157-сін сату тәсілі бойынша шешімдер қабылданды.

«Одан әрі Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру бойынша жұмыс қайта бекітілген нысандарды сату кестесіне сәйкес жалғасатын болады», - деді ол.