Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ВВС корпорациясымен меморандум жасасты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландияның біріккен корольдігіне жұмыс сапары барысында ВВС Worldwide басшылары Шон О Хара және Сергей Становкинмен кездесті. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың болашағы мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін талқылады.

Кездесу нәтижесінде Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен ВВС Worldwide корпорациясы арасындағы меморандумға қол қойылды.

Меморандум аясында редакциялық жоспарларды алмасуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру,  дөңгелек үстелдер өткізу, ұлттық және аймақтық БАҚ үшін лекциялар ұйымдастыру, сонымен қатар Қазақстанның туристік және инвестициялық әлеуетін ілгерілету жоспарланған.

Сонымен қатар, меморандумда негізгі бағыты цифрлық эфирлік хабар таратуға көшу аясында қазақстандық телеарналардың техникалық дамуы бойынша бірлескен кеңес беруді жүргізу, ақпарат мен тәжірибе алмасу болып табылатын жұмыс тобын құру қарастырылады.

Еске сала кетсек, ВВС корпорациясы 1920 жылы құрылған, қазіргі таңда БАҚ саласындағы жаһандық көшбасшы медиакорпорацияларының бірі.