Қазақстанда әлеуметтік салық қаншалықты төмендеуі мүмкіндігі белгілі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат  - Қазақстанда әлеуметтік салық көлемі қаншалықты төмендеуі мүмкін екендігі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Оның (әлеуметтік салық) әсерін сезіну үшін 1,5-2 есеге қысқарту қажет. Дегенмен, бұл мәселе салық салу жөніндегі жұмыс тобы аясында қарастырылып жатыр және Үкімет тарабынан бекітілген жоқ. Нақты соманы жария етуге дайын емеспіз», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов бүгін Мәжілістегі Үкімет сағаты аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында,

Бұған дейін министр 2010 жылдан бері елімізде салық жүктемесі біртіндеп төмендетілгенін және қазіргі уақытта барынша төмен болып отырғандығын айтқан болатын. http://www.inform.kz/kz/kazakstanda-aleumettik-salyk-kolemi-tomendetilui-mumkin_a3011154

«5 пайыздық зейнетақымен қамтамасыз ету, әлеуметтік-медициналық сақтандыру төлемдері бойынша қабылданған шешімдерге байланысты жалақы қорына жүктеменің арта түсетіндігімен түбегейлі келісемін. Бұл бізді алаңдатып қана қоймай сонымен бірге қорды қалай қысқарту керектігін ойландырып та отыр. Әзірленіп жатқан Салық кодексі аясында біз салық жүктемесінің қандай элементтерін төмендетуге болатындығын ойластыратын боламыз. Әзірше, зейнетақы жүйесін, медициналық қамсыздандыруды қоғамдық қайта теңгерімдеусіз төмендетуге болатын жалғыз элемент  - бұл әлеуметтік салық болып тұр. Оны төмендетуді ойластыратын шығармыз», - деген еді Сүлейменов.

Айта кетейік, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы № 99-IV Кодексінің 355-бабына сәйкес, жеке кәсiпкерлер; жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, егер осы баптың 2-тармағында өзгеше белгiленбесе Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғалары, Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекемелер арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар, қосарланған салық салуды болдырмау туралы халықаралық шартқа сәйкес, тұрақты мекеме құруға әкеп соқпайтын, филиал немесе өкілдік арқылы қызметін жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар әлеуметтiк салық төлеушiлер болып табылады.