Тоқаев: ҰҚШҰ - жаһандық және аймақтық қауіпсіздіктің негізгі буындарының бірі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған Қазақстан делегациясы ТМД мен ҰҚШҰ парламентаралық құрылымдарының жұмысына қатысу үшін Санкт-Петербургке келді.

26 наурызда Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Парламенттік Ассамблея Кеңесінің отырысы болды. Оның күн тәртібі Ұжымдық қауіпсіздік шартының қол қойылуының 25 жылдығына, ҰҚШҰ-ның құрылуының 15 жылдығына және ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының құрылуының 10 жылдығына  арналды.

Қ.Тоқаев өз сөзінде ҰҚШҰ-ны Еуразиядағы әскери-саяси тұрақтылықтың маңызды факторы болып отырған беделді халықаралық құрылым ретінде сипаттады. Төраға «ҰҚШҰ әлеуетін және біздің Ұйым аясындағы әріптестікті нығайту Қазақстан Республкасының мүдделеріне толықтай сай келеді, сондықтан оның қызметін үдетуге бағытталған бірқатар нақты ұсыныстар енгізген Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұдайы назарында болып отыр», - деп атап өтті.

Қ.Тоқаев жаһандық және аймақтық қауіпсіздіктің негізгі буындарының бірі ретінде ҰҚШҰ өз рөлін нығайтуы тиіс деп санайды. «Белсенді ынтымақтасу мен өзара іс-қимылсыз халықаралық терроризмге қарсы бірлесе қарсы тұру, Ауғанстанды тұрақтандыруға жәрдемдесу, ұзаққа созылған текетірестерді реттеу және жалпы алғанда қауіпсіздік, қарусыздану және сенім шаралары мәселелері бойынша ауқымды диалог мүмкін емес», деді ол.

Қ.Тоқаев ұжымдық қауіпсіздік жүйесін құқықтық тұрғыда қамтамасыз етуге, біздің мемлекетіміздің заңнамасын жақындастыру мен үйлестіруге бағытталған ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының қызметіне жоғары баға берді. Ол Қазақстан Парламенті ҰҚШҰ аясында қол қойылған барлық келісімдерді уақытында ратифициялағанын атап өтті. Сенат Төрағасы Қазақстан делегациясы парламенттік дипломатияны нығайтуға бағытталған жұмыстарды жалғастыра беретінін жеткізді.

ҰҚШҰ ПА Кеңесінің отырысында Ұйым қызметінің қорытындылары мен келешегі, оның ішінде ұжымдық қауіпсіздік жүйесін құқықтық тұрғыда қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер делегацияларының халықаралық парламенттік құрылымдардағы қызметін одан әрі үйлестіру мәселелері қаралды.

27-28 наурызда Қазақстан делегациясы ТМД Парламентаралық Ассамблеясы мен Халықаралық терроризммен күрес жөніндегі парламенттік конференция құрылымдарының жұмысына қатысады.