Қазақстан мен Словакия арасындағы ынтымақтастық мәселелері Братиславада талқыланды

2016 жылғы 21 маусымда Қазақстанның Чехиядағы және Словакиядағы Елшісі Сержан Әбдікәрімов Словак Республикасы Премьер-Министрінің инвестициялар жөніндегі орынбасары Петер Пеллегринимен кездесті.

         Сұхбат барысында тараптар қазақстандық-словакиялық екіжақты қатынастардың қазіргі жағдайы мен келешегін талқылады. Аса назарлары  екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа серпін беру қажеттілігіне, соның ішінде Қазақстан аумағындағы инфрақұрылым жобаларының дамуына словакиялық инвестицияларды тарту мәселесіне аударылды.

         Бұл ретте Қазақстан Елшісі инвестиция жөніндегі Словакия Вице-премьеріне бізідің елдің инвестициялық климаты мен өндірістік-экономикалық әлеуеті туралы айтып берді. Ол Словакияның іскер қауымдастығын «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық бағдарламасы мен «Бес институциалдық реформаларды іске асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының мақсаттары негізінде озық технологиялар мен «ноу-хау» тарту арқылы Қазақстанмен белсенді ынтымақтастыққа шақырды.

         Қазақстандық дипломат ресми Братиславаны Қазақстанның 2017-2018 жж. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігіне өтінімін қолдауға шақыра отырып, БҰҰ-ның негізгі органдарының біріне біздің өтініміздің басымдылықтарын жеткізді және Астананың пайдасына дауыс беруге байланысты тиісті аргументтерді ұсынды. Бұған қоса, сұхбаттасушы Қазақстанның басқа да сыртқы саяси басымдылықтары, соның ішінде Мемлекет басшысының «Әлем. XХI ғасыр» манифесімен танысты.

         Словакия Вице-премьері Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғырту жолындағы жетістіктерін, сонымен қатар, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік ісіне біздің елдің қосып отырған үлесін жоғары бағалады. Екі мемлекет арасындағы достық қатынастардың дамуына қанағаттанып отырғанын білдіріп, словак тарапының Қазақстанмен орнатылған экономикалық байланыстарын әрі қарай кеңейтуге және жаңа тиісті байланыс орнатуға дайын екендігін білдірді.  

ҚР-дың ЧР мен СР-дағы Елшілігі