Прага қаласында Қазақстан мен Чехия арасындағы парламентаралық ынтымақтастықтың дамуы талқыланды

2016 ж. 13 сәуірде Қазақстанның Прагадағы Елшісі Сержан Әбдікәрімовтың Чехия Парламенті депутаттар Палатасының Төрағасы Ян Гамачекпен екіжақты кездесуі өтті. Кездесу барысында парламентаралық ынтымақтастықтың және жалпы екіжақты қарым-қатынастардың одан әрі даму мәселелері талқыланды.

Чех Парламенті төменгі палатасының басшысы Қазақстанды ү.ж. наурызда елімізде өткен парламент сайлауымен құттықтай отырып, ҚР Парламенті Мәжілісінің жаңа басшысын қолайлы уақытта Прагаға ресми сапармен келуге шақырды. Сондай-ақ, Я.Гамачек өзінің орташа мерзімді келешекте Қазақстанға ресми сапармен баруға дайындығын растады.

С.Әбдікәрімов өз сұхбаттасын «Нұрлы жол» бағдарламасы және «5 институционалдық реформаларды жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспары негізінде Қазақстанның жалғасып келе жатқан өзгерістері мен жаңғыртулары жөнінде жан-жақты хабардар етті. Дипломат чех тарапын келесі жылы Астанада жоспарланған «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмеге белсенді қатысуға және 2017-2018 жж. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі орнына Қазақстанның өтінімін қолдауға шақырды.