АӨСШК

layout_set_logo

 

Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары жөніндегі кеңес

Қазақстанның сыртқы саясаттағы басымдықтарының жүйесінде Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) бастамасын жүзеге асыру айрықша орын алады.

Кеңесті шақыру туралы идеяны алғаш рет Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы қазан айында БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында жария етті. Мемлекет басшысы бастаманың басты мәні әлемнің өзге өңірлерімен салыстырғанда мұндай тетік әлі жасала қоймаған Азия құрлығында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тиімді және әмбебап құрылым жасақтау бағытындағы бұрын жүзеге аспаған талпыныстарды қайта жаңғыртуда екенін атап өтті. Өзі жұмыс жасап келе жатқан жылдар ішінде АӨСШК Азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ынтымақтастықты нығайту жөніндегі іргелі халықаралық форумға айналды. АӨСШК Азиядағы және бүкіл әлемдегі бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылық арасында тікелей байланыс бар екенін ұғынуға негізделеді.

Ең басынан-ақ АӨСШК-ні шақыру туралы идея бірқатар азиялық мемлекеттерден және БҰҰ, ЕҚЫҰ, АМЛ (Араб мемлекеттері лигасы) сияқты халықаралық ұйымдардан қолдау тапты. Бастаманы жүзеге асыру барысында Азия елдері СІМ сарапшыларының кездесулері өткізілді. Алғашқы кездесу 1993 жылы сәуірде өтті. Екінші басқосу 1993 жылғы тамыз-қыркүйекте, ал үшіншісі 1994 жылы қазанда болды. Кездесулерге қатысушылар өңірдегі түрлі алауыздықтардың аймақтағы мемлекеттер тарапынан қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселелерінде ортақ көзқарастар қалыптастыруға кедергі бола алмайтынын атап өтісті. Үшінші кездесудің нәтижесінде Кеңестің құжаттарын дайындау міндетіне кіретін Арнаулы Жұмыс Тобын құру туралы шешім қабылданды.

Форумның бірінші саммиті 2002 жылы 4 маусымда өтті. Оған Қазақстан, Ресей, Қытай, Пәкістан, Түркия, Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан және Ауғанстан басшылары, Әзірбайжан мен Үндістанның премьер-министрлері, Иран, Мысыр (Египет), Палестина және Израильдің өкілетті ресми тұлғалары, бақылаушы мемлекеттер мен ұйымдардың өкілдері қатысты.

Министрлердің 1999 жылы 14 қыркүйекте Алматыда өткен бірінші кездесуінде қабылданған, АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің арасындағы қарым-қатынастарды реттейтін Қағидаттар декларациясы мен Алматы актісі және Бірінші саммит барысында қабылданған АӨСШК жарғысы – АӨСШК-нің ең басты құжаттары болып саналады. Бұл екі құжат Кеңес процесінің одан арғы эволюциясы үшін негізгі құжаттарға айналды.

2004 жылы 22 қазанда Сыртқы істер министрлерінің Екінші кездесуі өтті. Оның басты нәтижесі Сенім шаралары каталогының және АӨСШК-нің Екінші Министрлер кездесуінің Процедурасы пен Декларациясы Ережесінің қабылдануы болды.

Каталог шеңберінде сенім шаралары негізгі 5 өлшем бойынша жіктелді:

1. әскери-саяси;

2. жаңа шарттармен және қатерлермен күрес;

3. экономикалық;

4. экологиялық;

5. гуманитарлық.

Барлық сенім шаралары біртіндеп және ерікті түрде жүзеге асыру негізінде қолданылады.

2006 жылы 17 маусымда форумның Екінші Саммиті өтіп, оған төрағалық етуші тараппен қатар, ҚХР, Ресей, Пәкістан, Өзбекстан, Ауғанстан, Әзербайжан, Тәжікстан және Қырғызстан көшбасшылары, Таиланд премьер-министрі, сондай-ақ, Түркия, Израиль, Моңғолия, Корея Республикасы, Үндістан, Иран, Палестина және Мысыр мемлекеттері мен үкіметтерінің жоғары лауазымды өкілетті өкілдері қатысты.

Екінші Саммит мүше мемлекеттердің өңірдегі қауіпсіздік шараларын нығайтудағы күш-жігерін одан әрі үйлестіру ісінде, сонымен қатар, тиімді экономикалық ынтымақтастықты жолға қоюда аса маңызды оқиғаға айналды. Бұл міндеттерді жүзеге асыру жолдары арасында – АӨСШК мемлекеттері мүшесі болып саналатын өзге халықаралық және өңірлік ұйымдармен (БҰҰ, ШЫҰ, ЕҚЫҰ, АСЕАН, АТЭЫ, ЕурАзЭҚ және т.б.) әріптестік қарым-қатынастардың берік желісін қалыптастыру бар.

АӨСШК-ға мүше мемлекеттер мен үкіметтер басшыларының Үшінші Саммиті 2010 жылы 8 маусымда Ыстамбұл қаласында болды. Бірінші рет Саммит Қазақстаннан тыс жерде өтті. Бұл басқосу кезінде Кеңестің тарихында тұңғыш рет жоғары деңгейдегі төрағалық Қазақстаннан Түркия Республикасына берілді. Оған 9 мемлекет және үкімет басшысы, 6 вице-президент, парламент спикерлері мен вице-премьерлер, 14 министр және арнаулы елшілер қатысты. Халықаралық 16 ұйымның басшылығы таныстырылды. Басқосуға ерекшелік берген жайт – Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететіні болды. Еуропалық іргелі ұйымның қолдауымен 2010 жылы 7 маусымда Ыстамбұл қаласында «Экономика және қауіпсіздік саласындағы ХХІ ғасырдағы ынтымақтастық» арнайы шарасы өткізілді.

Қазіргі уақытта АӨСШК-ға мүше мемлекеттер мыналар: Ауғанстан, Әзербайжан, Қытай, Моңғолия, Мысыр, Үндістан, Иран, Израиль, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Палестина, Корея Республикасы, Ресей, Тәжікстан, Таиланд, Түркия және Өзбекстан; бақылаушы мемлекеттер: Вьетнам, Индонезия, Малайзия, Жапония, Украина және АҚШ. Сонымен қатар, АӨСШК-ға БҰҰ, ЕҚЫҰ, АМЛ қатысады. Негізгі құжаттарының рухын сақтай отырып, АӨСШК өзінің басты мақсатына – Азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты дамытуға бағытталған көпжақты көзқарастар қалыптастыру арқылы ынтымақтастықты кеңейтуге қол жеткізу үшін құқықтың үстемдігі, мүше мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау және экономикалық, әлеуметтік, мәдени ықпалдастық қағидаттарына негізделген өз саясатын жүргізеді. АӨСШК шеңберіндегі барлық шешім мәмілеге келу жолымен қабылданады.

АӨСШК аясында сенім шараларын жүзеге асыру процесі басталып та кетті. Мүше 12 мемлекет ерікті түрде сенім шаралары; жаңа шарттар мен қатерлер саласы; көлік дәліздерінің қауіпсіз және тиімді жүйелерін дамыту; есірткімен күрес; ұлттық апаттарды еңсеру; ақпараттық технологиялар; энергетикалық қауіпсіздік; шағын және орта кәсіпорындарды дамыту; туризм бойынша гуманитарлық өлшемдегі белгілі бір жобаларды имплементациялауды (мемлекеттің халықаралық құқық нормаларын орындауын) үйлестіруші немесе бірлесе үйлестіруші ел ретінде бой көрсетеді.  Жаңа шарттар мен қатерлер, заңсыз есірткі айналымымен күрес салаларындағы гуманитарлық өлшемдегі тұжырымдамалар және/немесе іс-қимыл жоспарлары қабылданды, сондай-ақ, өзге салалардағы тұжырымдамалар қарастырылады.

Қазақстан форумның негізін салушы ел ретінде мерейтойлық шараны 2012 жылғы қыркүйектің басында Астанада өткізуді жоспарлап отыр. Ол шара Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбавтың қатысумен өтетін мерейтойлық сессияны және АӨСШК Сыртқы істер министрлерінің төртінші кеңесін қамтитын болады.

АӨСШК ресми сайты