Астана экономикалық форумы

aef_mat

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылғы маусымда Санкт-Петербургте өткен экономикалық форумда Еуразия ғалымдар клубын құру туралы бастама көтерді. Бұл идеяны жүзеге асыру үшін 2008 жылы «Еуразиядағы ғалымдардың экономикалық клубы» қауымдастығы (АЕЭКУ) құрылды. Ол экономикалық даму және Еуразия кеңістігі мен әлемдік қоғамдастықтың одан әрі ілгерілеуіне ықпал ету мәселелерін шешу мақсатымен практик-ғалымдарды, қоғам өкілдерін және халықаралық ұйымдарды біріктірді. Қазіргі кезде қауымдастық құрамына 86 елдің әлемге танымал ғалымдары, саясаткерлері, бизнес және ғылыми ұйымдар өкілдері енген.

Қауымдастықтың басты диалог алаңы Астана экономикалық форумы болды.

Қауымдастықтың мақсаты – ғылыми қызметті ұйымдастыру мен басқару барысында жан-жақты идея, тәжірибе, білім-білік алмасуға жағдай жасау, сонымен қатар,  инновациялық қызметті жандандыру және әлеуметтік-экономикалық жобаларды іске асыру үшін әлеуетті инвесторлар мен тапсырыс берушілерді тартуға көмек көрсету. «Еуразиядағы ғалымдардың экономикалық клубы» қауымдастығы, сонымен қатар, алдағы қаржылық-экономикалық күйзелістерді күн ілгері аңғару  және G-20 елдерінің басшылары мен Үкіметтері үшін ұсынымдар әзірлеу мақсатын көздейді.

Бірінші Астана экономикалық форумы «Жаһандану жағдайындағы экономикалық дамудың қазіргі аспектілері» деген тақырыппен 2008 жылғы 27 маусымда өткізілді. Оған 40 таяу және алыс шет елден жүзге жуық жетекші ғалым-экономист, көрнекті саяси қайраткерлер және бизнес өкілдері қатысты. Қатысушылар Еуразия ғалымдар клубын құру еуразиялық идеяларды ілгерілетудегі Қазақстанның көшбасшылық ролін көрсететінін атап өтті.

II Астана экономикалық форумы «Еуразияның жаһандық қатерлер жүйесіндегі экономикалық қауіпсіздігі» деген тақырыппен 2009 жылғы 11-12 наурызда өтті. Оның басты мақсаты 2009 жылғы сәуірде Лондонда өтетін G-20 мемлекеттері басшыларының саммитінде талқылауға ұсынылуы мүмкін дағдарыс жағдайындағы экономиканы дамыту жөніндегі ұсынымдар әзірлеу болды. Форумға 900-ден астам қазақстандық, 59 елден 250-ден астам шетелдік, Қазақстан Республикасындағы шет елдер елшіліктерінің 74 өкілі, халықаралық ұйымдардың 69 өкілі қатысты.

Форум аясында панельді сессияларда бірнеше тақырып бойынша жұмыс жүргізілді. Олардың ішінде «Әлемдік экономикалық дағдарыс және оның елдердің экономикалық қауіпсіздігіне әсері», «Ислам экономикасының жаһандану жағдайындағы дамуы», «Жаһандық қатерлер жағдайында кәсіпкерлікті дамыту», «Жаһандық қауіп-қатерлер жағдайында экономиканы мемлекеттік реттеу» атты тақырыптар бар.

Сонымен қатар, форумға әзірлік кезінде 1-10 наурыз аралығында  Интернет-форум жұмыс жүргізді. Ұйымдастырушылардың тұжырымдамасы бойынша, Интернет-қауымдастықтың әлемдік экономика мәселелеріне қатысты пікірлерін жинап, кейін оларды G-20 тобы мемлекеттер басшыларының саммитіне ұсыным әзірлеу үшін ІІ Астана экономикалық форумының сарапшылар қауымдастығы арасында талқылау тәртібі қарастырылды.

ІІ Астана экономикалық форумы жұмысының қорытындысы бойынша, экономика саласындағы халықаралық сарапшылар G-20 қатысушы елдеріне арнап, әлемдік дағдарысты еңсеру жөніндегі Ашық хат мәтініне енгізілген ұсынымдарды әзірлеп, қабылдады,

III Астана экономикалық форумы 2010 жылғы 1-2 шілдеде өтті. Оны өткізу аясында 17 отырыс және панельді сессиялар ұйымдастырылды. Бұлардың жұмысының нәтижесі ынтымақтастық жөніндегі Меморандумдар мен Келісімдерге қол қойылуы болды. Форум аясында Еуразия Инвестициялық банкімен Қазақстан аумағындағы инвестициялық жобаларды 1,5 миллиард еуро көлемінде қаржыландыру жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді.

III Астана экономикалық форумы аясында Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлердің іскерлік форумы өтті. Астана экономикалық форумының ерекшелігі дағдарыстан кейінгі экономиканың нақты секторын жандандыруға негізделген тәжірибелік бағыт ұсталуы болды.

IV Астана экономикалық форумы «Жаңа онжылдық: қауіп-қатерлер мен перспективалар» деген тақырыппен 2011 жылғы 3-4 мамырда өткізілді. Оның жұмысына көрнекті саяси қайраткерлер, ірі халықаралық корпорациялардың, орталық банктердің, қаржы институттарының, экономиканың нақты секторының, бизнес-элитаның өкілдері қатысты. Сонымен қатар, шараға экономист ғалымдар келді, олардың ішінде Нобель сыйлығының 6 лауреаты – Роберт Манделл, Джон Нэш, Роджер Корнберг, Джеймс Миррлис, Роберт Ауманн, Финн Кидланд бар. Форумның қорытындысы ретінде «Үлкен жиырмалықтың» саммитіне арналған дәстүрлі ұсынымдар әзірленді.

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай 15 желтоқсанда өткен салтанатты жиында әлемдегі дағдарысқа қарсы шешімдер шығару жолын іздестіру үшін қатысушылар санын түбегейлі арттыру жөнінде айтты. Нұрсұлтан Назарбаев жаңа коммуникативті алаңды G-Global деп атауды ұсынды. Астана экономикалық форумы оның жұмыс жүргізу алаңына айналды.

V Астана экономикалық форумы 2012 жылғы 22-24 мамыр аралығында өтті. Оның бағдарламасы мынадай үш бағытты қамтиды: қаржылық капитал және әлемдік экономика, индустриялық-инновациялық даму, тұрақты даму және жаһандық әлеуметтік ахуал.

Мемлекет басшысы форумда сөйлеген сөзінде G-Global-ды құру идеясы саяси, сарапшылық және іскерлік ортада, әлемдік қауымдастықта кеңінен қолдау тапқанын атап көрсетті. Бірнеше айдың ішінде ғана G-GLOBAL Астана форумының ресми сайтындағы коммуникативті Интернет алаңын күн сайын пайдаланушылар саны 40 есеге өсті. 140 елдің 30 мыңнан астам пайдаланушылары оған тұрақты түрде қатысады. Шынында да жаңа әлемдік экономикалық тәртіпті қалыптастыру жолдарын желіде белсенді түрде іздеу басталды.

G-GLOBAL алаңындағы интерактивті пікірталастар тақырыбында әлемдік экономиканы және валюталық-қаржы жүйесін реформалау мәселелері қарқынды түрде қамтылуда. Инновациялық даму, ядролық және экологиялық қауіпсіздік, этносаралық және дін аралық толерантылық, геосаясат және басқа да аспектлерге байланысты ауқымды проблемалар талқыланады. Осылайша G-GLOBAL көп тарапты әлемнің әлеуетті біріктірушілік идеясы болып отыр. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Еуразия экономикалық клубының базасында Халықаралық болжам институтын құруды ұсынды.

Тұтастай алғанда, Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған Еуразия ғалымдар клубын құру идеясы Еуразия құрлығындағы маңызды интеграциялық жобалардың біріне айналды. Астана форумы пікірталастарының ауқымы артты. Мазмұндық жағынан ол жаһандық даму проблемаларына кең «еуразиялық көзқарасты» әрі қарай таратушы болып отыр. Бұл ХХІ ғасырдың жаңа геоэкономикалық ақиқаты – Қазақстан, Ресей және Беларусь Біртұтас экономикалық кеңістігі қызметінің табысты басталған кезінде ерекше маңызды.

 

АЭФ ресми сайты: http://aef.kz

БҰҰ-на арнаған Ілемдік дағдарысқа қарсы жоспар тұжырымдамасы