Братиславада Қазақстан мен Словакия арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылуының 25 жылдығына арналған гала-концерті өтті

DSC_4223_5002017 ж. 26 сәуірде Словакия филармониясының атақты «Редута» концерттік залында Қазақстан Елшілігі мен Құрметті консулдығының қолдауымен Қазақстан мен Словакия арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылуының 25-жылдығына арналған ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері Дәурен Глымовтың жетекшілігімен Қазақ ұлттық өнер университетінің «Дәуір» этно-фольклорлық ансамблі мен «Шабыт» оркестрінің салтанатты гала-концерті өтті.

Салтанатты кешті аша отырып, Елші Сержан Әбдікәрімов екі жақты ынтымақтастықты дамытудағы қол жеткізілген прогресс және Қазақстан мен Словакияның жылы әрі достық қатынастары туралы баяндап, осындай мәдени іс-шаралардың халықтарымызды жақындататынын атап өтті.

Концерт бағдарламасында қазақ халық әндері мен шығармалары: «Көңіл ашар», «Көзімнің қарасы», «Бұл-бұл», «Кұстар әні», «Адай», «Сары-арқа», «Сәлем, Қазақстан» және т.б., соның ішінде еуропалық музыка шеберлерінің композициялары орындалды.

Өздерінің балғын жастарына қарамастан, музыкалық аспаптарда өте шебер ойнау техникасын көрсеткен концерттің ең жас қатысушылары да залдың ерекше назарына лайық болды. Олар өздерінің асқан шеберлі әрі әсерлі өнер көрсетуімен Словакияның фольклорлық өнер сүйер қауымының жүрегін биледі.

Концертке қатысқан Словакия Үкіметі мен Парламентінің, іскерлік, мәдени және журналистік топтардың, сондай-ақ дипломатиялық миссиялардың өкілдері қазақстандық орындаушылардың жоғары кәсіпқойлығын жын жүректен ду қол шапалақпен қошеметтеп бағалады.

Словакиялық филармония Еуропаның беделді өнер орталығы болып табылады. Бұл алып сәулетті ғимарат Габсбургтер монархиясының дәуірінде патшайым Мария Терезияның жарлығымен 1773 жылы салынған және Братислава орталығының Хвездослав алаңында орналасқан. Әр түрлі жылдары осы залда өнер әлемінің ұлы әлемдік және еуропалық шеберлері өнер көрсеткен.

 

Қазақстанның Чехиядағы және Словакиядағы Елшілігі